Кінәлілер жауапқа тартылды
Жамбыл облысы Байзақ ауданының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде аудан әкімдігі құрылымдық бөлімдерінің қызметінде бірнеше заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Заңнама талаптарын бұза отырып, сәуірде аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мердігермен «бір көзден» 125 млн теңгеге келісімшарт жасасқан.
Басқа жағдайда, сатып алуды өткізу кезінде кәсіпкерлердің қатысуын шектейтін және қиындататын, сондай-ақ мүгедектігі бар қоғамдық бірлестіктердің құқығына нұқсан келтіретін талаптар негізсіз белгіленген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлығы 335 млн теңгеден астам сатып алу тоқтатылып, кінәлілер жауапқа тартылды.
Қабылданған шаралар кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестікті қалпына келтіруге бағытталды.