ТЖМ биыл өрт қаупі жоғары болатынын ескертті
Жаз айлары ыстық болады
Биыл Қазақстанда өрт қаупі жоғары болады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл жаз айлары ыстық болып, табиғи өрт қаупі жоғарылайды деген болжам бар. Қазір Қазақстанда 27 орман, 122 дала өрті тіркелді. Олардың көпшілігі авиация тартылып, министрлік күшімен сөндірілді, - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол әр өңірде ірі өртке қарсы күштер дайындалғанын атап өтті.
«Жалпы, еліміз бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан аса техника дайындалды. «Қазавиақұтқару» авиациясының 19 борты дайын тұр. Оның 9-ы су төгетін құрылғымен жабдықталған. Аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Министрліктің келісімі бойынша әкімдіктер табиғи өртті болдырмау жөніндегі жоспарларды бекітті», - деді министр.