Бірнеше түзеу мекемесінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматы облысының прокуратурасы түзеу мекемелерінде тексеріс жүргізіп, өрескел бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотталғандар ұялы телефондарды пайдалану арқылы онлайн сатып алу жасап, несиелер рәсімдеп, кеңселер мен онлайн-казино арқылы құмар ойындарға қатысқан. Ондағы қаражаттың жалпы айналымы 3 млрд теңгеден асады.
Бұған қоса, №10 мекеменің сотталғандары мобильді құрылғыларды қолдана отырып, рұқсат етілген және тыйым салынған заттарды мекеме ішінде сатқан.
Аталған дерек бойынша Алматы облысының прокуратурасы ҚР ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Іле аудандық сотының үкімімен осы мекеменің 3 қызметкеріне түрлі жазалау шаралары қабылданды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұдан басқа, облыс прокуратурасы ҚР ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша №12 және №57 мекемелердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. №57 мекеменің бастығына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.