Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағатты мешіт ережесіне бағынуға шақырады
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған келеңсіз жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
Бұл оқиға 12 мамырда кешкі ақшам намазы уақытында болған. Онда мешітке келген адамның бірі «әмин» дұғасын дауыстап айтқан адамға қол көтеріп, оның соңы төбелеске ұласқан. Осы жағдай әлеуметтік желіде тез тарап кеткен еді.
12 мамырда кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде өзге өңірден келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан, бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын дауыстап айтқан адамдардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші азамат олардың біріне қол жұмсаған. Осыдан кейін имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізіп жатыр, – делінген хабарламада.
ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады.
Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады.