Қарағанды облысында интернат басшылығы 400-ден аса баланың құқығын бұзған
Кінәлілер заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды
Қарағанды облысында интернат басшылығы 400-ден аса баланың құқығын бұзған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Шет ауданының прокуратурасы «Ыбырай Алтынсарин атындағы қолдау мектебі жанындағы интернат» КММ қызметіне кешенді тексеру жүргізді.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ресурстық орталық кешеніне жақын маңдағы ауылдардан келген 100 оқушының тұруына арналған 3 қабатты жатақхана кіреді. 2022 жылдың соңында комиссия шешімімен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жасалмастан, балалар жатақханадан шығарылып, олар ресурстық орталық ғимаратының жатуға қолайсыз, арнайы жабдықталмаған 2-қабатына орналастырылған.
Оқу кабинеттері санының азаюы, кейбір кабинеттердің шаруашылық бөлмелерге айналуы оқушылардың оқу-демалу орындарының, асханалардың, дәретханалардың және тағы басқа алаңдардың белгіленген нормаларының бұзылуына әкеп соққан.
Тексеру кезінде жатақхананың 2-қабатында «Шет ауданының білім бөлімі» ММ орналасқаны, ал 3-қабатында білім бөлімінің меңгерушісіне, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен әдіскерлері үшін жатақхана ұйымдастырылғаны анықталды. Аталған жағдай көпшіліктің наразылығын тудырған.
Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес, балалар жатақхана ғимаратына қайта орналастырылып, ресурстық орталықтың жатын бөлмелері қайтадан оқу кабинеттеріне айналды.
Қазір орталықта оқитын 412 балаға сапалы білім алуға мүмкіндік жасалып отыр. Кінәлілер заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
Қарағанды облысының білім басқармасы аталған жағдайға қатысты түсінік берді. Басқарманың мәліметінше, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп базасында интернат құру туралы шешім өткен жылдың наурызында сол кездегі интернаттың қашық болуына байланысты қабылданды.
Интернат ғимараты мектептен 3 шақырымнан астам қашықтықта республикалық трассаға жақын орналасқан. Оқушылар үшін жол қауіпті болғандықтан, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің жанында жайлы мектеп салу туралы шешім қабылданды. Жұмыс істеп тұрған ғимаратты одан әрі интернат ретінде пайдалану жоспарланған болатын. Облыстық прокуратураның нұсқамасына сәйкес балалар ескі интернат ғимаратына қайтарылды. Олар үшін мектеп автобусымен тасымалдау ұйымдастырылды, – делінген Қарағанды облысы білім басқармасының хабарламасында.
Сондай-ақ, ведомствода Шет ауданының білім бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылды. Осы жылдың наурызында онымен еңбек шарты бұзылды.