Бес облыста су әлі тасып жатыр
Жайық өзенінің деңгейі одан әрі көтерілуі мүмкін
Республика бойынша 4 өңірде әлі де су тасып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, су елімізге Ресей Федерациясы аумағынан келіп жатыр. Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі – 545 сантиметр. Атырау облысының Махамбет ауылында судың деңгейі – 966 сантиметр. Жайық өзенінің деңгейі одан әрі көтеріледі деп күтіледі. «Қазсушар» мекемесі жергілікті филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Батыс Қазақстан облысының 4 ірі су қоймасы 94% толды. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде су тасқынының екінші кезеңі жалғасып жатыр. Орал қаласында Жайық өзенінің деңгейі – 754 сантиметр, ол бір тәулікте 4 сантиметр төмендеді.
Ақмола облысындағы 2 ірі су қоймасы 100% толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде тасқын аяқталды. Астананың қорғаныс бөгетінен Есіл өзеніне тәулігіне 4,32 млн текше метр су жіберіледі.
Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100% толы. Есіл өзенінде су тасқынының екінші кезеңі жалғасып жатыр. Петропавл қаласының шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1063 сантиметр. Ол бір тәулікте 6 сантиметр төмендеді.
Ақтөбе облысындағы 2 ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 95%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірдегі су тасқыны аяқталды.
Шығыс Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші – 84,6%. Аймақта су тасқыны жалғасып жатыр.
Абай облысында Шүлбі су қоймасы 57% толды. Өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Ертіс каскадының барлық су қоймасы штаттық кестеге сай жұмыс істейді.
Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 99% толы. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде су тасқыны аяқталды.
Қостанай облысындағы 2 ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 92%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде су тасқыны аяқталды.
Су қоймаларында «Қазсушар» мамандарының кезекшілігі және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасып жатыр. Су қоймаларына жиналған су ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі.