Қор Қазақстан бастамасымен құрылған
Биыл Түркі инвестициялық қоры ресми түрде жұмысын бастайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 17-18 мамырда Ыстанбұл қаласында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың қатысуымен Түркі инвестициялық қорына басқарушы мүше елдер кеңесінің (ТИҚ) алғашқы инаугурациялық отырысы өтеді. Ол – қордың басқарушылар кеңесінде Қазақстанның өкілі, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, кездесудегі негізгі мақсат – Түркі инвестициялық қорының жұмысын ресми түрде іске қосу, оны басқаруға қатысты тиісті шешімдер қабылдау, сондай-ақ құрылтайшы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және орнықты дамуды қолдау.
Айта кетейік, 2015 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мемлекет басшыларының V саммитінде Қазақстан Түркі интеграциясы қорын құруды ұсынған еді.
Қор өңірішілік сауданы кеңейту, экономикалық қызметті қолдау арқылы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің экономикалық дамуына жәрдемдесуді көздейді.