Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды
Ақтөбеде жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам мас күйде КамАЗ көлігін жүргізген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
11 мамырда Ақтөбе қаласында патрульдік полиция қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасында қала тұрғыны жүргізген КамАЗ (бетон араластырғыш) автокөлігін тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі сезіліп, медициналық сараптама нәтижесінде оның мас болғаны анықталды.
Сонымен қатар арнайы базалар арқылы тексеру кезінде полиция қызметкерлері жүргізушінің 2023 жылы жол апатын жасағаны үшін сот шешімімен екі жыл мерзімге көлікті жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады. Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық іс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ басталғалы 3 күн ішінде полиция қызметкерлерімен облыс аумағында 13 мас жүргізуші анықталды.