Әр сотығы - 25 мың доллар: банк өз меншігіндегі жерден өтетін жұрттың жолын жауып тастады
Жер банктің жеке меншігінде болған соң, бұл мәселеде әкімдік те қауқарсыз
Алматыда осыдан бірнеше жыл бұрын Наурызбай ауданына қарасты Қарағайлы шағын ауданының тұрғындары заңды сатып алған жеріне аттап баса алмай отыр. Өйткені екінші деңгейлі банктердің бірі олардың үйіне апарар жалғыз жолды жауып тастаған.
КТК телеарнасының хабарлауынша, қаржы ұйымы тұрғындарға ол жерді әр сотығына 25 мың доллардан сатып алуды ұсыныпты. Жер банктің жеке меншігінде болған соң, бұл мәселеде әкімдік те қауқарсыз көрінеді. Ал базынасын айтып әкімдікке жиналған 30-дан астам тұрғын Алматының әр бұрышындағы жалдамалы пәтерде тұрады.
«Ол участкелерге апаратын жол «БанкЦентрКредит» мекемесіне тиесілі жер учаскесі арқылы өтіп тұрған. 19 мамырда қала әкімінің кездесуінде тұрғындар бұл мәселені көтерді. Қазір осы жер учаскелерін жолмен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді Наурызбай ауданы әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Нұрбол Бейсеков.
Әкімдік пен құзырлы органдардың талай табалдырығын тоздырып, уәдеден әбден күдер үзген тұрғындар енді амал таусылды деп отыр. Мәселе жақын арада шешілмесе, үйіне жете алмай жүрген жұрт мемлекеттік маңызы бар жолдың өзін жауып тастауға бекінген.