×

Дәстүрлі садақ атудан ҚР Кубогы аяқталды

Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам садақшы қатысты

 Динара Амантай 13.05.2024 | 15:07
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Семейде дәстүрлі садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Кубогы өз мәресіне жетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам садақшы қатысты.

Жарыс Пута, Қалқан, Жамбы және командалық жарыс түріндегі 4 нысана негізінде өтті. Барлық спортшыға бірдей 4 нысанада бақ сынау мүмкіндігі берілді.

Бұл жерде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына соңғы лицензия ойнатылып жатыр. Ерлер арасындағы 6-шы лицензия үшін Али Сейсигюзель, Қасымхан Қанат және Абылайхан Қанат бақ сынады. Яғни, осы Қазақстан Кубогында кім үздік болса, лицензия сол мергенге бұйырады, – деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Диас Ахметов.

«Алғаш садақ атуды спорт түрі ретінде қолымызға алған кезде 5-6 ғана адам бастаған едік. Қазір еліміз бойынша 5 мыңнан астам садақшы бар. Құрамадағы жас спортшыларымыздың аяқалысы өте жақсы. Малайзияда, Алматы облысында, Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатыстық. Бұл жарыстардың барлығы, әрине, біздің деңгейімізді біраз өсіріп, шеберлігімізді шыңдады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын, – деді дәстүрлі садақ атудан Алматы облысының аға жаттықтырушысы Ахмет Мұғалов.

Сонымен, алғашқы Пута нысанасы бойынша ерлер арасында 1-орынды Ербол Тапенов (Астана қаласы), 2-орынды Али Сейсигюзель (Атырау қаласы), 3-орынды Мақсат Әбдікеримов (Шымкент қаласы) жеңіп алды. Ал әйелдер арасында 1-орын Айкөркем Батиханға (Астана қаласы), 2-орын Динара Жақсылықоваға (Астана қаласы), 3-орын Ажар Төлеуқановаға (ШҚО) бұйырды.

Қалқан нысанасында ерлер арасында 1-орынды Абылайхан Қанат (Астана), 2-орынды Қасымхан Қанат (Астана), 3-орынды Ахмет Мұғалов (Алматы облысы) иеленді. Осы нысанада әйелдер арасында 1-орыннан Динара Жақсылықова (Астана), 2-орыннан Кая Мазнева (Қарағанды), 3-орыннан Ажар Төлеуқанова (ШҚО) көрінді.

Жамбы нысанасында ерлерден 1-орынды Қасымхан Қанат (Астана), 2-орынды Азамат Нұртаев (Ақмола облысы), 3-орынды Мақсат Әбдікеримов (Шымкент) алды. Әйелдер арасында Ольга Ковалева (Қарағанды) жеңімпаз атанып, Майгүл Нұрғалиева (Астана) 2-орынды, Айкөркем Батихан (Астана) 3-орынды иеленді.

Командалық жарыста 1-орын Батыс Қазақстан облысының командасына бұйырса, Маңғыстау облысы 2-орынды місе тұтты. Ұлытау облысы 3-орынға жайғасты.

Жалпы есеп бойынша, 1-орынды Астана қаласы, 2-орынды Қарағанды облысы, 3-орынды Батыс Қазақстан облысы алды.

Айта кетейік, үздік садақшылар сайысы Семей қаласындағы «Цементник» стадионында өтті. Қазақстан Кубогы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Садақ ату федерациясы, Туризм және спорт министрлігі, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қоры.

Еске сала кетейік, Республикалық садақ ату федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге, бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама