Су тасқыны: 2 мыңнан аса бала әлі эвакуациялау пункттерінде
Республика бойынша 54 мың 755 адам өз үйлеріне оралған
ТЖМ су тасқыны бойынша сағат 10:00-дегі ақпаратты жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Республика бойынша 54 мың 755 адам өз үйлеріне оралды. 5 мың 291 адам, оның ішінде 2 239 бала эвакуациялау пункттерінде. 11 205 тұрғын үй мен 3 516 аула аумағынан су бұрылып, сорылды. 19,3 млн-нан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылып, 7,8 млн қапшық және 1,5 млн-нан астам тонна инертті материал төселді.
Атырау облысында Жайық өзенінің бойына ұзындығы 346,2 шақырым бөген салынды. Бұл су тасқынына қарсы үйінді бөгендер Жайық өзенінің арнасынан асуын тежейді және судың Каспий теңізіне қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Бүгінде суды өткізу, алдын алу шараларын жүргізу үшін 37 елді мекенде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Құрманғазы ауданында 1 шақырым бөген салу қалды. Салынған бөгендерді қосымша нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторнинг жүргізілуде. Оның біртіндеп көтеріліп жатқаны байқалады. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет су бекеттеріндегі су деңгейі шектік белгіден асып түсті. Жағдай бақылауда. Құлсары қаласында тасқын астында қалған үйлерден су сору жұмыстары жалғастырылып жатыр. Өткен тәулікте 66 044 текше метр су сорылды.
Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 333 070 текше метр еріген қар суы сорлып, 165 тұрғын үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды. 111 құрғатылған үйге дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Петропавл қаласының Борки кенті мен Карьерная көшесінде су басқан үйлер жоқ. Күн сайынғы аэровизуалды тексеру және құрғатылған аумақты дезенфекциялау жұмыстары жалғастырылып жатыр.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бөгеттерді нығайту жұмыстары және Торғай өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылып жатыр. Өткен тәулікте Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында 3 200 қапшық пен 217 тонна инертті материал төселді. Ұзындығы 640 метр бөгендер нығайтылып жатыр.