Кандидаттарды іріктеу процесін қамқоршы органдар іске асырады
Бүгінде елімізде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институтын енгізу жөніндегі жоба табысты іске асырылып жатыр. Еліміздің 17 қаласында 300-ден астам адам тәлімгер атанды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Тәлімгерлік – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды құралы. Ол баланы қоғамға бейімдеуге және өз бетінше ересек өмір сүруге дайындауға бағытталған.
Тәлімгерлікке кандидаттарды іріктеу процесін қамқоршы органдар іске асырады. Әрбір кандидат әңгімелесу арқылы өтеді. Сондай-ақ олардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары да ескеріледі. Іріктеудің барлық кезеңінен өтіп, тиісті қорытынды алғаннан кейін ғана кандидат тәлімгер бола алады.
Кандидаттарға қойылатын талаптар ҚР азаматтығын, кәмелетке толуын, соттылығының жоқтығын, әрекетке қабілеттілігін, тұрғылықты жерінің болуын және тағы басқаны қамтиды. Тәлімгердің балаға қосымша білім беру мен медициналық қызметтерді қоса алғанда, түрлі салаларда қолдау көрсетуге құқығы бар.
Айта кетсек, биыл «Бала құқықтары туралы» заңға жетім балаларға тәлімгерлік жасау институтын енгізуге бағытталған өзгерістер енгізілді.