ШҚО-да компания қызметкерлеріне 12,6 млн теңге жалақы төленбеген
Облыстық прокуратура тиісті шаралар қабылдады
ШҚО-да прокуратураның араласуынан кейін жалақы бойынша 12,6 млн теңге қарыз төленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, «Шығысстройгруп» ЖШС өзін банкрот деп жариялаған. Алайда оның банкроттық басқарушысы 2 жылдан астам уақыт бойы 42 қызметкердің алдында 12,6 млн теңге жалақы берешегін өтеу үшін өз мүлкін сату шараларын қабылдамаған.
Прокуратураның араласуынан кейін кәсіпорынның бұрынғы басшысы, банкроттық басқарушы және салық органдарымен кездесу өткізіліп, құқықтық және әдістемелік көмек көрсетілді. Нәтижесінде банкрот деп танылған кәсіпорынның мүлкі сатылып, қызметкерлер алдындағы жалақы қарызы толығымен өтелді.