Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе облысында жол апатынан мәслихат депутаты мен ерлі-зайыпты мұғалімдер көз жұмды

Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан Ырғыз аудандық мәслихатының депутаты Өтеген Әмір Нұрболатұлы мен ерлі-зайыпты мұғалімдер қаза болды.

 Халық үні 10.05.2024 | 21:33
Ақтөбе облысында жол апатынан мәслихат депутаты мен ерлі-зайыпты мұғалімдер көз жұмды
фото: Halyq Uni

Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан Ырғыз аудандық мәслихатының депутаты Өтеген Әмір Нұрболатұлы мен ерлі-зайыпты мұғалімдер қаза болды. Олардың артында мектеп жасындағы үш баласы қалды, деп хабарлады nur.kz.

Ақтөбе облысында Самара-Шымкент тасжолында болған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Жүк көлігі мен жеңіл көліктің соқтығысуынан екі адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал көлік тізгіндеген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ауруханада көз жұмды. Бұл деректі облыс әкімінің баспасөз қызметі растады.

«Жол апатынан қаза болғандардың біреуі аудандық мәслихат депутаты. Екеуі – ерлі-зайыпты. Олар – Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп мұғалімдері. Бірі дене шынықтыру пәнінен сабақ берген, жұбайы бастауыш сынып мұғалімі. Тізгінде 1979 жылғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Жүргізуші жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, таңғы бесте қайтыс болды», - деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, ерлі-зайыптының екеуі де 45 жаста. Оқиға орнында қаза болған аудандық мәслихат депутаты небәрі 28 жаста екен. Көлікте қыстырылып қалған марқұмдардың денесін холматро құралымен алып шыққан.

9 мамырда болған жол апаты туралы осыған дейін Ақтөбе облысының полиция департаменті өкілдері хабарлады. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама