×

Олимпиадаға Армия орталық спорт клубынан 9 спортшы барады

Сәкен Бибосынов пен Ерасыл Қажыбаевқа офицер атағы берілді

 Дастан Жұмабекұлы 10.05.2024 | 18:08
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы спорт комитетінің өкілдерін Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлады ТСМ-нің Баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, АОСК СК басшылығы, бокстан Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері Сәкен Бибосынов, қазақ күресінен «Әскер барысы» Ерасыл Қажыбаев, «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай қатысты.

Министр Армия орталық спорт клубы әскери жұмыс пен халықаралық дәрежедегі спортшылар даярлауды қатар жолға қойғанын атап өтті. Бұған әскери қызметшілер арасынан 9 спортшы Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алғаны дәлел. Атап айтқанда, боксшылар – Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан, таэквондошылар – Сомирхон Абабакиров пен Батырхан Тілеуғали, қазіргі бессайыс өкілі Елена Потопенко, нысана көздеуден Ислам Сәтбаев, грек-рим балуандары – Айдос Сұлтанғали мен Әлімхан Сыздықов және спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов Парижде ел намысын қорғайды.

Әскери спортшылардың негізгі жетістіктерінің кілті – дәстүрді сақтай отырып, әрқашан өз-өзін дамытып жүрген жаттықтырушылар құрамының еңбегі. Сіздердің кәсібилігіңіздің арқасында біздің көптеген спортшымыз көшбасшыға айналып, көпке үлгі болып жүр. Сонымен қатар сіздердің спортқа деген адалдық пен жеңіске деген ұмтылысыңыз спортшыларды шабыттандырып, армия қабырғасында қалыптасқан рухани күш пен мінездің беріктігі жеңіске жету жолындағы кез келген кедергіні еңсеруге мүмкіндік береді, – деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар іс-шарада АОСК СК өкілдері – Сәкен Бибосынов пен Ерасыл Қажыбаевқа офицер атағы берілді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама