Орман өрттерін жедел анықтау үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау жүйелері «Бурабай» (132,0 мың гектар), «Көкшетау» (182,0 мың гектар), «Медеу» (842 гектар) табиғи парктерінде және «Ертіс орманы» (277,0 мың гектар) резерватында жұмыс істейді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы республикалық бюджет есебінен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (182,0 мың гектар) және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының (277,0 мың гектар) аумағында орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы Қостанай облысының 11 орман шаруашылығы мекемесінің 10-ын қамти отырып, 34 бейнебақылау жүйесінің нүктелері және Солтүстік Қазақстан облысының 12 орман мекемесінің 11-ін қамти отырып, пысықтауды талап ететін 16 бейнебақылау нүктелері орнатылды.
Ерте анықтау жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.