Ақтөбе облысында 100-ге жуық шетелдік заңды бұзған
61 азамат елден шығарылды
«Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде Ақтөбе облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері ел аумағында заңсыз жүрген 100-ге жуық шетелдікті анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақтөбе қаласының аумағындағы құрылыс объектілерінде жақын шетел азаматтары жеке басын анықтайтын құжатсыз, заңсыз жұмыс істеген.
Полиция көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 517-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Іс-шара барысында заңсыз жүрген 100-ге жуық шетелдік азамат анықталды. Қазір сот органдарының шешімімен 61 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды, – делінген хабарламада.
Оның ішінде көші-қон полицейлері тиісті құжаттары жоқ шетелдіктерді консулдықтар арқылы құжаттандыра отырып, еліне қайтару жұмыстарын жүргізді.
Ақтөбе облысының полиция департаменті шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан Қазақстан азаматтары да әкімшілік жауапкершілікке тартылатын еске салады.