Qazaqstan Barysy Grand Slam: Ғалия Тыңбаева финалға шықты
Енді ол алтын жүлде үшін Сабина Гилиазовамен кездеседі
Дзюдодан Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің бірінші күнінде Ғалия Тыңбаева (-48 келі) финалға шықты. Ол жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, Grand Slam жарыстарының жеңімпазы, франциялық Ширин Боуклиді жеңді, деп хабарлады Қазақстан дзюдо федерациясы.
Ғалия Тыңбаева жарыс үздігі ретінде әлемдік доданы екінші айналымнан бастады. Ол өз тобында Тунис, Қытайдың Тайпей мен Түркия елдерінің спортшыларынан айласын асырды.
Финалда Ғалия Тыңбаева Grand Slam және Grand Prix жеңімпазы, турнирге Халықаралық дзюдо федерациясының шешімімен жеке-дара қатысып жатқан (AIN) Сабина Гилиазовамен кездеседі.
Сондай-ақ ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын құрама көшбасшысы Елдос Сметов қола жүлде үшін белдеседі.
Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарыстың финалдық белдесулері сағат 17:00-де болады.