Астанада бокстан «Елорда кубогы» турнирі басталады
Жарысқа ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады
13-18 мамыр аралығында Астанада бокстан «Елорда кубогы» турнирі өтеді. Оған қатысатын боксшылар анықталды.
Турнирге ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады. Олардың арасында Олимпиада жолдамасының иегерлері Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (81 келі), Айбек Оралбай (92 келі) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) бар.
Сондай-ақ жарыста әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов (48 келі), Бекзад Нұрдәулетов (81 келі), әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Дулат Бекбауов (63,5 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет, Азия ойындарының қола жүлдегері Сағындық Тоғамбай мен Азия ойындарына қатысқан тағы бір былғары қолғап иесі Ертуған Зейнуллинов күш сынасады.
Аяқасты келеңсіз бір жағдай болмаса, осы сынға Олимпиадаға жолдама алған барлық боксшы қатысады. Себебі бұл турнир соларға арналып өткізіледі. Қазір спортшылардың бәрі қатарда. Бұл – Олимпиада қарсаңындағы дайындық турнирлерінің бірі, – деді бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов.
Турнирге жалпы есебі 60-қа жуық боксшы қатысады. Оған 8 елдің боксшылары келеді деп жоспарланып отыр.
Содан кейін ұлттық құрама команда 23 мамыр мен 6 маусым аралығында Таиландтың астанасы – Бангкок қаласында өтетін лицензиялық турнирге қатысады. Осы додада да жеңімпаз атанғандар Олимпиадаға жолдама алады.