Табиғи апаттың салдарынан жоюға 9 мыңнан аса маман тартылған
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев су тасқыны салдарынан 6 өңірде электрмен жабдықтауға қатысты мәселе туындағанын, бүгінде мамандардың жарықты қалпына келтіріп жатқанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қостанай облысында ажыратылған абоненттер саны 5 мыңнан 700-ге дейін азайды. Ақтөбе облысында абоненттер саны 5,5 мыңнан 13 абонентке дейін азайған. Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында шектелген абоненттер 4 есе, ал Атырау облысында 3 есе азайды. Солтүстік Қазақстан облысында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қалған 5 мың абонент су деңгейі төмендеген соң жарыққа қосылады, - деді Алмасадам Сәтқалиев
Оның айтуынша, төтенше жағдайдың салдарын жоюға 9 мыңнан аса энергетик маман, 2 145 арнайы автотехника тартылған. Сондай-ақ 414 мобильді электр энергиясы көзі бар.
«Жақын арада әртүрлі кластағы 3 мыңнан аса электр беру желісін қалпына келтіру қажет. Зардапты жоюға қажетті барлық материал бар», - деді министр.