Бүгінде онда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагер туралы ақпарат бар
Қазақстанда batyrlargatagzym.kz порталы іске қосылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – әр батырдың тарихта лайықты танылуын қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты III отырысында атап өткендей, мемлекет соғыс жылдарында теңдесі жоқ жауынгерлік және еңбек ерліктерін жасаған отандастарымызды ел жадында сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Сайт – Қазақстан халқы ерлігінің мәңгілік ескерткіші, ол әртүрлі ақпарат көздерінен жинақталған. Пилоттық жоба 2023 жылы іске қосылып, азаматтық қоғам мен еріктілердің үлкен қызығушылығына ие болды. Сайттың функционалдық мүмкіндіктері кеңейтіліп, деректер толыққанды порталға жүйеленді.
Бүгінде порталда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагер туралы ақпарат бар. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай портал барлық ардагерлер туралы деректерді біріктіреді деп үміттенеміз. Біз әрбір қазақстандықты ҰОС ардагерлері туралы қосымша ақпарат беру арқылы бұл жобаға өз үлесін қосуға шақырамыз. Кез келген адам жеке отбасылық мұрағаттарда сақталған құжаттармен сайтты толықтыруға көмектесе алады. Бұл фотосуреттер, құжаттар, майданнан келген хаттар және басқа материалдар болуы мүмкін, – делінген министрлік хабарламасында.