Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп жатыр

Динара Амантай

Бөгетті нығайту жұмыстары жалғасуда

Фото: видеодан скриншот

Атырау облысының Индер ауданына қарасты Индербор елді мекені тұсында Жайық өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір Қызылорда облысы ТЖД күшімен бөгетті нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Республика бойынша су тасқынына қатысты жағдайға тоқталсақ, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында мотопомпалармен және жылжымалы сорғы станцияларымен 174 үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды. Барлығы 137 627 текше метр су сорылды. Есіл өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тұрғындарға көгалдандыруға және көшелер мен аула аумақтарын тазартуға көмек көрсетіп жатыр.

Атырау облысының Құлсары қаласында су басқан аумақтардан су сору және дезинфекциялық жұмыстар тәулік бойы жалғасып жатыр. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторнинг жүргізіліп, жағдай бақылауға алынды. Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында бөген салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте ұзындығы 300-ге жуық бөген салынды.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғастырылып жатыр. Өткен тәулікте 3 050 қапшық пен 233 тонна инертті материал төселді. Өңірдегі жағдай тұрақталып келеді.

Республика бойынша 17 млн еріген қар суы сорлып, 10 013 тұрғын үй мен 3 215 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 51 мың 111 адам өз үйлеріне оралды. 5 355 адам уақытша орналасу пункттерінде қалды.

Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 10 827 адам, 1 247 техника, 332 су сору құралы және 57 жүзу құралы, 5 әуе кемесі жұмылдырылды.

Екі күн ішінде ТЖМ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында су басқан 326 үйде, Атырау облысының Құлсары қаласында ауданы 76 500 шаршы метр су басқан аумақтарда дезинфекциялау жүргізді. Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Подстепное кенті мен Аңқаты ауылында жалпы ауданы 71 гектар су басқан аумақтарда дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.