Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Уругвайдың кәсіпкерлерімен кездеседі
Биыл мамырда Уругвайда Қазақстанның консулдығы ашылады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
СІМ ресми өкілінің айтуынша, биыл 6-10 мамыр аралығында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Уругвай мен Бразилияға барады.
«Уругвайға сапар аясында СІМ-аралық саяси консультациялардың бірінші раундын өткізу, Монтевидеода Қазақстанның құрметті консулдығын ашу және Астана мен Монтевидео арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту үшін Уругвай парламентінің сенаты мен өкілдер палатасының депутаттарымен кездесу жоспарланып отыр», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сапар аясында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Уругвайдың кәсіпкерлерімен де кездеседі. Одан бөлек, Қайрат Омаров Бразилияда да бірнеше кездесу өткізеді.
Бразилияда СІМ-аралық саяси консультациялардың алтыншы раунды, сенаторлармен кездесу, Бразилия мемлекеттік ауылшаруашылық зерттеулер корпорациясының (Embrapa), Бразилияның халықаралық даму агенттігінің (ABC), сондай-ақ Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) басшылығымен кездесу жоспарланып отыр, - деді СІМ ресми өкілі.
Сапар қорытындысы бойынша саяси және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған өңір елдерімен жаңа уағдаластыққа қол жеткізу жоспарланып отыр.