Су тасқыны: 48 945 адам өз үйлеріне оралды
Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 11 445 адам жұмылдырылды
ТЖМ баспасөз қызметі су тасқынына қатысты соңғы ақпаратты жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау облысының Құлсары қаласында мотопомпалардың және жылжымалы сорғы станциялардың көмегімен қалған су басқан 20 үйден су сору жұмыстары жалғастырылып жатыр. ТЖМ 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Құлсары қаласында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында су басқан аумақтардан су сору жұмыстары жалғастырылып жатыр. Өткен тәулікте 184 үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс ауылында Торғай өзені су деңгейінің біртіндеп көтерілуіне байланысты ұзындығы 2,5 шақырым бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 30 мыңнан астам қапшық пен 19 мыңнан астам инертті материал төселді. Су деңгейіне сағат сайын мониоринг жүргізіліп жатыр. Жағдай ерекше бақылауда.
Республика бойынша 8 958 тұрғын үй мен 2 994 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 48 945 адам өз үйіне оралды.
Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 11 445 адам, 1 284 техника, 329 су сору құралы және 66 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.