Halyq Uni логотип
×

Бүгін еліміздің көп өңірінде үсік жүреді

Ал Жетісу облысында елді мекендерді су басу қаупі бар

 Дәурен Ерболат 06.05.2024 | 10:56
Бүгін еліміздің көп өңірінде үсік жүреді
Фото: Halyq Uni

Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталып, оңтүстіктегі таулы аудандарда су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

6 мамырда еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлім өтеді. Осыған байланысты ауа райы тұрақсыз болады.

Найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Түнде оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және шығыста қатты жаңбыр жауады. Тек солтүстікте, орталықта ауа райы жауын-шашынсыз болады. Еліміз бойынша жел күшейеді. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста дауыл тұрып, оңтүстік-шығыста бұршақ жауып, солтүстік-батысқа, оңтүстікке, орталыққа тұман түседі.

Түнде Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Қостанай облысында -1-6 градус үсік сақталады. Ақтөбе облысының солтүстігінде, Павлодар, Қарағанды облыстарының батысында, солтүстігінде -3 градус үсік жүреді», - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.

Сонымен қатар Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Атырау облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Қарағанды облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында, Ұлытау облысының шығысында, орталығында, Қызылорда облысының батысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Сондай-ақ Жетісу облысында өзендер арнасынан асуы мүмкін.

Биыл 6-7 мамыр аралығында қатты жауын-шашынға байланысты Жетісу облысының тау және тау етегіндегі аймақтарда сел жүріп, өзендерде су деңгейі көтеріліп, су басуы мүмкін. Өзендер арнасынан асқан жағдайда елді мекендерді, шаруашылық нысандарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады, - деді баспасөз хатшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама