Halyq Uni логотип
×

Әйел өзін Павлодар облысы әкімінің орынбасары зорлады деп айыптады: сот үкімі шықты

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі көлемде ақша бопсалау ісі бойынша үкім шығарды.

 Халық үні 04.05.2024 | 20:30
Әйел өзін Павлодар облысы әкімінің орынбасары зорлады деп айыптады: сот үкімі шықты
Фото: gov.kz

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі көлемде ақша бопсалау ісі бойынша үкім шығарды.

2023 жылдың сәуір айында «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санаты бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрған К. әлеуметтік желіде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Б.-мен танысты.

2023 жылдың мамыр айында Б. «Павлодар облысы әкімінің аппараты» ММ-дегі өзінің қызметтік кабинетінде К.-ны қабылдады және содан кейін олар араласа бастаған.

2023 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында Б. материалдық көмек түрінде К.-ғе 50 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін ақшалай қаражат аударған.

2023 жылдың қыркүйегінде К. қайтадан Б.-дан ақша аударуды өтінген, бірақ Б. бас тартқан. Осы кезде ол Б.-ның жұмыс орнында жақын қарым-қатынастары туралы беделін түсіретін ақпаратты таратамын деп қорқыту туралы қылмыстық ниеті пайда болған. Б. осы қорқытулардың жүзеге асуынан шынымен қауіптеніп, К.-ның есепшотына жалпы сомасы 4 812 000 теңгені аударған.

Осымен тоқтап қалмай, 2023 жылдың қараша айында К. өзіне 20 000 000 теңге беру туралы заңсыз талаптар қойған, содан кейін Б. құқық қорғау органдарына жүгінген.

К.-ның жасаған қылмысы заң бойынша аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады және тек бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Кінә жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарымен расталады.

Алқабилердің бірауыздан қабылданған кесімімен К. ҚК-тің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Сот К.-ның бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және жеке басының ауыр жағдайларының жиынтығы бойынша қылмыс жасағанын ескере отырып, ҚК 55-бабы 4-бөлігінің негізінде оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама