Астаналықтарды 7 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды

Дәурен Ерболат

Жәбірленушілер жарнамаға алданып қалған

Фото: Halyq Uni

Елордада «арзан тауарлар сатамын» деп тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Астаналықтарды «Қытайдан арзан тауар әкеп беремін» деп алдаған Қарағанды облысының тұрғыны анықталды. Бір жыл ішінде күдікті WhatsApp-қа хабарландыру салып, көтерме бағамен түрлі тауарды ұсынып отырған. Оның ішінде мотоциклдерден бастап, ас үйге арналған шағын тауарлар да болған. Сатып алушылар жақсы жарнамаға алданып ақшаны дропперлерге аударған. Осылайша, қаражат алаяқтың банк картасына түсіп тұрған. Келтірілген шығын көлемі – шамамен 7 млн теңге.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында әйел өз кінәсін мойындап, бөтен ақшаны өз қажетіне жұмсағанын түсіндірді.

Полиция болжамынша, дәл осындай схема салдарынан 60-тан астам адам алданған. Бірақ алданғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Қазір полицияға 32 жәбірленушіден арыз түскен. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.