Түркістан облысында 50-ге жуық алғашқы көмек орталығы салынады
Бірнеше қалада ауруханалар ашылады
Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігі бірігіп, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға кірісті. Бұл туралы облыс халқымен кездесуде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова айтты.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта осы жоба аясында ауылда 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) орталығы салынады. Медициналық мекемелер озық медициналық жабдықтармен жарақтандырылып, білікті медициналық персоналмен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жерде ауыл тұрғындары өз елді мекендерінде тікелей қолжетімді және сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ Сарыағаш, Жетісай, Ордабасы мен Сайрам аудандарындағы ауруханаларға күрделі жөндеу және жаңғырту жүргізу көзделген.
Бұдан басқа, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес, Түркістан қаласында 190 төсектік көпбейінді аурухана мен облыстық балалар ауруханасы, Сарыағаш қаласындағы аудандық орталық ауруханада 240 төсектік перинаталдық орталық, сондай-ақ Сарыағаш және Арыс қалаларында 2 емхана салынады.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ауылдық жерлерде кездесетін негізгі проблемалардың бірі – медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі. Бүгінде Түркістан облысында 245 орын бос тұр. Оның 135-і – ауылда.
Қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес, ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы немесе 8,5 млн теңге мөлшерінде ақшалай төлем белгіленді. Бұл қадам шалғай аудандардағы медициналық персонал жұмысының маңыздылығын мойындап қана қоймай, олардың кәсіби қызметін ынталандырады, – деді Ақмарал Әлназарова.
Медициналық кадрлардың тапшылығын жою мақсатында дәрігерлер үшін жыл сайынғы стипендия 15-20% көбейеді.
Бұдан басқа, министрлік денсаулық сақтау саласындағы кадрларды тиімді жоспарлауға және басқаруға мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін (кәсіби тіркелім) құруды жоспарлап отыр.
Бұл шаралар ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымына жоспарланған инвестициялармен бірге, Түркістан облысының барлық азаматтарының сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.