Жиында жаңа әдістемелік анықтамалық таныстырылды
Бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ға инвестордың іс-қимыл барысы егжей-тегжейлі жазылған жаңа әдістемелік анықтамалық таныстырылды. Әрбір орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган инвесторлармен жұмыс істеу кезінде осы нұсқаулықты басшылыққа алатын болады.
Бұған қоса, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев қазақ-қатар жұмыс тобының жобаларын іске асыру барысы туралы баяндады.
Қазақстан мен Қатар арасындағы екіжақты тауар айналымында оң динамика байқалады. 2023 жылғы өсім – 50%. Бүгінде Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жалпы құны 18 млрд доллардан асатын 15 жобаны қамтитын инвестициялық пул қалыптастырылды.
Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде әрқайсысы ілеспе кәсіпорындардың тұтас кластерін құруға бағытталған 17 ауқымды басым жоба тізбесі әзірленді. Аталған тізбені қарастыру барысында туризм және азық-түлік өнеркәсібі саласындағы жобалар туралы ақпарат тыңдалды.
Сондай-ақ инвестициялық жобалардың бірқатар өзекті мәселесі қаралды. Олар бойынша хаттамалық шешімдер тиісті мемлекеттік органдарға орындауға жіберілді.