Онда соңғы 3 жылда мүлде қылмыс тіркелмеген
Түркістан облысында тағы бір ауыл тұрғындары ішімдіктен бас тартты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылдық округіне қарасты Жаңажол ауылында тұрғын саны 2 500-ден асады. Бір-біріне деген сый-құрметі артқан ауылда 6 азық-түлік дүкені бар. Алдағы уақытта аталған дүкендердің сөресінде арақ-шарап сатылмайды. Өйткені ауыл тұрғындары ішімдіктен мүлде бас тартты.
Бұл бастаманы дамыту үшін ауыл ақсақалдары, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер көтеріп, жиын өткізді. Онда Жаңажол ауылы тұрғындардың ішімдіктен бас тартуы, қылмыстың, құқықбұзушылықтың болмауына, отбасылық дау-жанжалдарға жол бермеуге өз септігін тигізетіні айтылды. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлер игі бастамаға қолдау білдірді.
Айта кетсек, ауылда учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысы мен тұрғындардың ащы судан бас тартуы себебінен соңғы 3 жылда мүлде қылмыс тіркелмеген.
Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда 97 ауылдың тұрғындары ішімдіктен бас тартқанын мәлімдеді. Игорь Лепеханың айтуынша, ішімдіктен бас тартқан ауылдарда қылмыс та айтарлықтай азайған.