3,7 млн ата-ана педагогикалық оқу-жаттығудан өтті

Динара Амантай

Бұл бастама Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Педагогикалық қолдау орталықтарында 140 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл бастама Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.

Оқу жылының басынан бері 3,7 млн қазақстандық ата-ананы қатыстыра отырып, 40 мыңнан астам оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы – оларды бала тәрбиесінде қолдауға және қолайлы білім беру ортасын құруға, позитивті ата-ана болу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастама. Ата-ана бала тәрбиесінде маңызды рөлге ие, оларға мектеп тарпынан қолдау көрсете отырып, балалардың дамуында ұзақ мерзімді жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, – деді «Өркен» БӘАҰҒПИ бірінші вице-президенті Елена Сакенова.

Сондай-ақ орталықтарда дәстүр мен құндылықтарды сақтауға негізделген «Даналық мектебі» клубы жұмыс істейді. Бұл отбасы институтын нығайтуға, балалар мен ата-аналар қарым-қатынасын жақсартуға, отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын тереңдетуге және кеңейтуге ықпал етеді.

Орталықтарда ата-аналар балаларының сынып жетекшілерінен көмек пен кеңес сұрай алады. Бұл білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және білім беру ұйымы мен отбасы арасында ынтымақтастық орнатады.