Екібастұзда қос азаматтығы бар тұрғын анықталды

Дастан Жұмабекұлы

Оған 369 200 теңге айыппұл салынды

Фото: halyq-uni.kz

Екібастұз қаласында қос азаматтығы бар шетелдік жауапқа тартылды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, полиция Екібастұз қаласының қос азаматтықпен жүрген тұрғынын анықтады. Ол 2006 жылы Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, көрші мемлекеттің азаматтығымен паспорт алған. Содан кейін ол шетел паспортын алғанын жасырып, Қазақстан құжаттарын пайдалана берген. Осы заң бұзушылық үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 369 200 теңге айыппұл салынды.

Заң бойынша елімізде қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни, шетелдік азамат бір мезгілде еліміздің және басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды.

Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақовтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде Қазақстан азаматтығынан айырылған 463 адам тіркелді. Оның 457-сі полицияға басқа мемлекеттің азаматтығы бар екендігін өздері хабарлады. Басқа мемлекеттің азаматтығы бола тұра, Қазақстан құжаттарын пайдаланғаны үшін 3 азамат анықталды. Тағы 11 заң бұзушы белгіленген мерзімде басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды.