Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысында қыз зорлаған мұғалімге сот үкімі шықты

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді

 Халық үні 03.05.2024 | 23:52
Жетісу облысында қыз зорлаған мұғалімге сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында математика пәнінің мұғалімі жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 20 жылға сотталды, деп хабарлады HalyqUni.

Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қызға зорлық-зомбылық жасады деп айыпталған 39 жастағы ер адамға қатысты іс қаралды.

Жабық режимде өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ж. есімді ер адамға өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Қорғаушы тарап өз кезегінде сотталушының әрекетін Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі (Кәмелетке толмағанға белгілі адамға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) және 122-бабының 2-бөлігі (Жыныстық қатынас және он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша саралауды сұрады.

«Ж.-ның әрекеті заң бойынша аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, Ж.-ның кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен толық дәлелденген. Сот-медициналық сараптама қорытындысы және істің басқа да құжаттарына сәйкес айғақ берілген», – делінген сот хабарламасында.

Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Сондай-ақ оған өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Кәмелетке толмаған жәбірленуші Г.-ның заңды өкілінің пайдасына бес млн теңге моральдық шығын өндірілді. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама