×

Мағжан Шамшадин – Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері!

Бұл - спортшының Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда алған төртінші медалі

 Дастан Жұмабекұлы 03.05.2024 | 18:18
Фото: Халықаралық дзюдо федерациясы

Дзюдошы Мағжан Шамшадин Тәжікстанның астанасы - Душанбеде басталған Үлкен дулыға (Grand Slam) санатындағы турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Ұлттың құраманың белді өкілі  60 келіге дейінгі салмақта финалда жарыс қожайыны Мұхаммедсолех Кубатовқа жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Қола медальді Изнаур Сааев пен Хайато Кондо иеленді.

Бұл – Мағжан Шамшадиннің Үлкен дулыға санатындағы жарыстарда алған төртінші жүлдесі. Ол былтыр Астанада алғаш рет өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam-да жеңімпаз атанған. Ал 2022 жылы Тель-Авивте пен 2023 жылы Тбилисиде қола жүлдеге ие болған.

Мағжан Шамшадин бүгін іріктеуде Мұхаммад Махмадизоданы (Тәжікстан), Анджело Пантаноны (Италия) жеңіп, С тобынан шықты. Ал жартылай финалда Изнаур Сааевтың (Ресей) осал тұсын тапты.

Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Нұрқанат Серікбаев алғашқы белдесуінде жапон палуаны Хайато Кондоға жол берді.

IJF ережеcіне сәйкес, Grand Slam жеңімпазы мен жүлдегерлері әлем және Олимпиада рейтингінде ұпайға ие болады. Атап айтар болсақ, бірінші орын үшін 1 000, екінші орын үшін 700, ал үшінші орын алған екі дзюдошы 500 балл алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама