Halyq Uni логотип
×

Гарвард бизнес мектебінің магистранттарына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Олардың бұл сапары Гарвард университеті түлектері қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды

 Динара Амантай 03.05.2024 | 16:55
Гарвард бизнес мектебінің магистранттарына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
Фото: ұйымдастырушылар

Гарвард бизнес мектебінің 16 магистрантына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Магистранттар бизнес-ахуалды зерттеу мақсатында осы күндері елімізге арнайы келген. Бұл сапар Қазақстандағы Гарвард университеті түлектері қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Harvard Kazakhstan Society президенті Ернар Жәркешов Гарвард университетінің өкілдері Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына, мұндағы жағдайға, түрлі инвестицияларды тартуға қолайлы елдің табиғи мүмкіндіктеріне және жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларға таңданғанын атап өтті.

Гарвард университетінің бұл магистранттары Google-ден Bank of America-ға дейінгі ірі әлемдік компанияларда қызмет атқарады. Олар Қазақстан сияқты дамушы және прогрессивті елдерге қызығушылық танытады және әртүрлі инвестициялық мүмкіндіктерді талқылауға дайын, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, Ернар Жәркешов Harvard Kazakhstan Society мақсаты Гарвард университетінде оқыған қазақстандықтардың білімін жүйелеу, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсу мақсатында жастарды қолдау және ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу үшін сараптамасын біріктіру болатынын жеткізді.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда Гарвард университетінің бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 78 қазақстандық білім алып, 100-ден астам қазақстандық Гарвардтың әртүрлі жоғары мектептерінде біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқыды.

Шетелдік студенттердің бірі – Диого Паррейра МВА бағдарламасының тыңдаушылары ретінде өздері үшін ойлау көкжиегін кеңейту және әлемге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алу маңызды екенін атап өтті.

Қазақстанға келу – мен үшін үлкен қуаныш. Бүгін әртүрлі тақырыпта талқылаулар өтті. Ең алдымен Қазақстанның халықаралық деңгейге қалай шығатынын, цифрлық реформаларды қалай іске асыратынын және климаттық саясатты қалай жүргізетінін білу қызықты болды. Мұның бәрі экономиканы жаңа жаһандық деңгейге көтеру үшін маңызды екені сөзсіз, - деді ол.

«Бұл сапар өте мазмұнды өтіп жатыр. Қазақстандағы Гарвард түлектерінің қауымдастығымен байланысты кеңейтіп жатқанымызға қуаныштымыз. Біз осы елге және Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне тікелей шетелдік инвестициялардың қалай тартылатыны туралы білгіміз келді. Бұл – жаһандық перспектива тұрғысынан, нарықтарды құру, ресурстардың болашағы, табиғи ғана емес, адами капитал тұрғысынан өте перспективалы жағдайлар. Осында келгеніме өте қуаныштымын. Қазақстан – үлкен амбициясы бар ел, – деп атап өтті Айшвариа Нараян.

Өз кезегінде, Абдулла әл-Шакарчи Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Бұл – Қытай мен Ресей арасындағы өте перспективалы нарық. Бұл – бір жағынан тәуекел болса, екінші жағынан мүмкіндік. Бүгін біз бизнес-ортаның да, мемлекеттік басқару саласының да сарапшыларымен кездестік. Алдағы 5 жылда елдің ЖІӨ-сін 2 есе арттыруды көздеп отырған өршіл мақсаттарыңыз бізді таңғалдырды. Мен энергетика саласында жұмыс істеймін және Қазақстанның дәстүрлі энергетиканы пайдалану деңгейін төмендетіп, жасыл энергетиканы тұтынуды қолға алатынын естіп, қуанып қалдым, – деді ол.

Сонымен қатар, сапар аясында Гарвард бизнес мектебінің өкілдері Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылығымен және YPO (Young Presidents Organization) мүшелерімен кездесті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама