×

Олимпиадада кем дегенде бес спорттан жүлде аламыз - Спорт комитетінің төрағасы

Қазір елімізде спорттың 17 түрінен 50 жолдама бар

 Дастан Жұмабекұлы 03.05.2024 | 16:04
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанада Олимпиялық ойындардың басталуына 85 күн қалғанда, Туризм және спорт министрлігі, қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы, жазғы Олимпиада және Паралимпиялық ойындарға дайындық штабының өкілдері Мәжіліс депутаттарымен кездесті.

Кездесуде Қазақстан спортшыларының Францияның астанасы – Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиялық ойындар мен Парлимпиада ойындарына дайындығы қаралып, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар хабардар етілді.

Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Ардақ Назаров, Нұрлан Әуесбаев, Дәулет Мұқаев, Нартай Сәрсенғалиев, Нұргүл Тау мен Тансәуле Серіков қатысты.  

Бұл штаб биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы қарсаңында Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерацияларының уәкілетті органы ретінде Олимпиадаға бірігіп жұмыс істеу үшін құрылған болатын. Оның негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету.

Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.

Отырыста штабтың жетекшісі Елсияр Қанағатов жиналғандарға спортшылардың Олимпиада мен Паралимпиадаға дайындығы, мемлекет тарапынан Ойындарға көрсетіліп жатқан қолдау жөнінде кең көлемде мәлімет берді. Ол қазір еліміз дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысатын төртжылдықтың басты додасына спорттың 17 түрінен 50 лицензияны (48 спортшы) жеңіп алғанын, мамыр айының соңына дейін тағы 20 жолдаманы иелену жоспарда бар екенін айтты. Оның айтуынша, бүгінде бокстан ерлер және әйелдер құрамасы 7 жолдама, нысана көздеуден спортшылар 5 лицензия, садақ атудан 4 жолдама иеленді. Сонымен бірге отандастармымыз семсерлесуден 5, велошосседен 3, грек-рим күресінен 4, еркін күрестен 3, қазіргі бессайыс, таеквондо, спорттық гимнастикадан, стенд атудан екі-екіден лицензияға ие болды.

Сондай-ақ батуттық гимнастикадан, көркем гимнастикадан, жеңіл атлетикадан, бадминтоннан, академиялық есу мен байдарка және каноэда есуден бір-бір жолдама бар.

Сәуір айында кемінде 15-17 жолдама жоспарлаған еді. Жоспар асыра орындалды. Сәуірде спортшыларымыз 18 Олимпиада жолдамасына ие болды.

Енді мамыр айында Қазақстан құрамасы дзюдодан әлем чемпионатына және көркем гимнастика мен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатына қатысады. Бұдан басқа, спортшыларымыз 15-ке жуық әлемдік, азиялық рейтингтік халықаралық іріктеу турнирлерінде күш сынасады.

Жоспар бойынша мамырда спортшыларымыздың кемінде 20 жолдама алуы қажет.

Қазір Париж Олимпиадасына жолдама алған жетекші спортшылар оқу-жаттығу жиындарын жоспардағыдай өткізіп, тыңғылықты дайындалып жатыр. Оның ішінде бокс, күрес, таеквондо, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика сияқты спорт түрлеріндегі кейбір спортшыларымыз жеке бағдарлама бойынша дайындалуда. Дирекция тарапынан олардың барлығы оқу-жаттығу жиындарымен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ медальдар мен лицензияларға үміткер спортшылардың материалдық жағдайларын қолдау үшін келісімшарттар сомасы да ұлғайтылды. Олимпиялық ойындарға дайындық кезінде көптеген командада шетелдік мамандар жұмыс істеп жатыр, – деді ол.

Елсияр Баймұхамедұлының сөзіне қарағанда, бокстан ерлер құрамасында литвалық жалпы дене даярлығы бойынша жаттықтырушы Донотас Янушевич, спорттық гимнастикада Аустралиядан келген жаттықтырушы-кеңесші Владимир Ваткин, қазіргі бессайыста украиналық жаттықтырушы-кеңесші Сергей Туробов, үстел теннисінде аустриялық жаттықтырушы-кеңесші Дмитрий Левенко, жүзуде АҚШ-тан келген жаттықтырушы Гарави Хомаюн, стенд атудан ресейлік екі жаттықтырушы-кеңесші Василий Мосин мен Виталий Фокеев, семсерлесуде Украина мен Венгриядан келген екі жаттықтырушы-кеңесші Александр Торчук пен Фэренц Тот, көркем гимнастикада ресейлік жаттықтырушы-кеңесшілер Инна Быстрова мен Ирина Зиновка, брейкингте ресейлік жаттықтырушы-кеңесші Асланбек Ныров сынды білікті мамандар ұлттық құрама командамен бірігіп жұмыс істеуде. 

Сонымен қатар, Париж Олимпиадасына баратын командалардың соңғы оқу-жаттығу жиындарының қай жерде өтетінін және олардың Олимпиялық ойындарға қай уақытта баратыны бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Паралимпиадаға келсек, Париж-2024 жазғы Паралимпиялық ойындарға отандастарымыз спорттың 7 түрінен 11 жолдаманы жеңіп алды.

Бұл жарыс 28 тамыз – 8 қыркүйек кезеңі аралығында спорттың 22 түрінен өтеді. Қазақстан атынан Паралимпиадаға 38 спортшының қатысуы жоспарлануда. Олар спорттың 9 түрінен өнер көрсетеді. Атап айтқанда, пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, пара оқ ату, волейболды отырып ойнау сынды спорт түрлерінен жарысқа шығу жоспарда бар.

Токиода өткен Паралимпиялық ойындарда Қазақстанның ұлттық құрамасында 25 спортшы болды. Олар 1 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлде алып, жалпы командалық 48 орынды иеленді.

Қазіргі кезде мемлекет тарапынан паралимпиадашыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.  Мүгедектігі бар азаматтар олимпиадашылармен қатар дәріптеліп, олардың жарысқа дайындығына барынша қолдау болу керек, – деді штаб басшысы.

Кездесуде Мәжіліс депутаттары Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға дайындығын жіті бақылап, назарда ұстап отырғанын айтты. Мысалы, депутат Ардақ Назаров спортшылардың жарысқа ерте барып, дайындалуына баса назар аудару керектігін, оны өзі кезінде спортшы болған соң, жақсы білетінін ескертті. Сонымен бірге ол ұлттық құраманың жұмысына шетел жаттықтырушыларының араласқанын онша құптай бермейтінін, олар ақшаға ғана қызығып, жұмыс істейтінін жеткізді.

Сондықтан менің болашақта шетелдік жаттықтырушыларға көп қызықпай, бапкерлерді жергілікті мамандардан таңдасаңыздар деген ұсынысым бар, – деді ол.

Бұл ескерту мен ұсынысқа Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов жауап берді. Ол депутаттың пікірімен келісетінін, алайда ұлттық құрамаға көмектесуге келген шетелдік мамандар да қара жаяу адамдар еместігін, олар әбден сүзгіден өтіп, арнайы іліктеліп, таңдалып алынғанын айтты. Сондай-ақ, комитет төрағасы жаттықтырушылар мәселесі, жалпы спорт медицинасы мен ғылымы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін атап өтті.

Сіздің айтқаныңыз дұрыс, әрине. Жаттықтырушылар өзімізден де болу керек. Алайда, қазір бізде спортшыны Олимпиада сияқты төрт жылда бір айналып келетін дүрмекті додаға тыңғылықты дайындау үшін бір адамның бойынан табылатын психолог та дәрігер де ғалым да керек. Ал біздің елімізде өкінішке қарай, спорттық медицина лайықты дамымай келеді. Бұл бағытта жұмыс істелінбей жатқан жоқ. Істелініп жатыр. Болашақта әр өңірден мықты деген 10-12 спортшы шықса, осының өзі үлкен жетістік болар еді. Ал спортшыны мықты медик, дәрігер, психолог та дайындайды. Бәрін бір жаттықтырушының мойнына артып қою деген қате түсінік. Сондықтан қазір біз спорттық медицинаны, психологияны дамытуда қолға алдық, – деді Ербол Мырзабосынов.

Осы орайда ол депутаттың спортшыларымыздың жарысқа ерте бару керек деген пікірімен толық келісетінін, Қазақстан делегациясы биыл да Олимпиадаға жарыстың басталуына бір ай қалғанда баратынын, осы уақытта ұлттық құрама уақыт айырмашылығына үйреніп, додаға жақсы дайындалуға мүмкіндік алатынын жеткізді.

Кездесуде депутат Қазыбек Иса көпшіліктің назарын допинг мәселесіне аудартты. Ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасынан кейін басы допинг дауына қалған ауыр атлеттердің қазіргі жағдайын мысалға келтіре отырып, мұндай жағдайдың екінші рет мүлде қайталанбау керектігін айтты.

Қазір қолда бар мәліметке қарағанда, ауыр атлеттеріміздің бірде біреуі Олимпиадаға жолдама алмапты. Кезінде Лондонда жүлде алған ауыр атлеттеріміздің бәрі допингпен ұсталған еді. Енді мұндай жағдай екінші рет қайталанса, бұл біздіің спорттың сүйегіне таңба болады. Сондықтан осы жағын да ескерерсіздер деп ойлаймын, – деді Қазыбек Иса.

Жиында Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағантов қазір расымен ауыр атлеттердің ешқайсысы Олимпиадаға лицензия алмағанын, олар барлық мүмкіндіктен айырылғанын, мұның өзі спортшының дайындығына ғана емес, елімізде спорт медицинасының кенже дамып келе жатқанымен де байланыстыруға болатынын атап көрсетті.

Ал допинг мәселесіне келсек, Ұлттық допинг орталығы жақсы жұмыс істеп жатыр. Спортшылардың бәрі допинг тексеруден бір емес, бірнеше рет өтеді. Сондықтан қазір спортшыларымызда заңмен тыйым салынған препараттарды қабылдау мәселесі бойынша ешқандай проблема жоқ. Иә, қазір жаңа айтып өткенімдей, біздің елге спорт дәрігерлері, массажистер, дәрі-дәрмек жетіспейді. Дегенмен мемлекет қолда бар жағдайдың бәрін жасап отыр. Министрлік Спортты дамыту қоры арқылы қаражат аударып отырады. Демеушілер де керек кезінде табылып жүр, – деді ол.

Осы мәселені Парламент Мәжілісінің тағы бір депутаты Нұрлан Әуесбаев та көтеріп, спорттық медицинаны дамыту мәселесін бір жолға қою керектігін, спортшының жанынан табылатын нағыз дәрігер адам болмаса жетістікке де жету екіталай дүние екенін айтты.

Елсияр Қанағатов оның бұл сөзімен келісетінін, бірақ өкінішке қарай, биылғы Олимпиадаға баратын дәрігерлер мен массажистердің саны шектеулі екенін ескертті.

Осы ретте Спорт комитетінің төрағасы болашақта елімізде ғылыми топтар құрылып, арнайы бағыт бойынша мамандарды дайындау ісі жоспарланып отырғанын еске салды.

Олимпиадаға дайындық мәселесі бір күннің, бір жылдың шаруасы емес. Оған жылдар бойы дайындалады. Сіздердің спорттық медицинаны дамыту бойынша айтып отырған ұсыныс-тілектеріңізбен келісеміз. Қазір бізге спортшылардың резервін дайындау керек. Осы мәселе күн тәртібінде тұр. Мен жаңа кездесудің басында айтып кеткенімдей, спортшыларды, спортты әр өңірдің географиялық орналасу жағына байланысты дамыту керек. Оған әрине, жергілікті атқарушы билік пен спорт федерациялары атсалысуы керек. Жүйелі жұмыс болса жұмыс жақсы жүреді. Біз жүйелі жұмысты қалыптастырсақ, әр өңірден кем дегенде Олимпиадада өнер көрсетуге лайықты 10-15 спортшыны дайындайтын едік, – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесуде депутат Нартай Сәрсенғалиев спорттағы жемқорлықпен күрес туралы айта келіп, Парламент Мәжілісі легионерлер туралы заң жобасын дайындағанын, дегенмен бұл құжат та елімізде сырттан келген спортшылардың мәселесін біржақты ету үшін әлі де аздық ететінін айтып қалды. Осы орайда ол жақын арада Мәжіліс легионерлерге қатысты тағы да заң жобасын дайындайтынын айтты. Оның пікірінше, «Самұрық-Қазына» мен басқа да мемлекеттің 50 пайыз үлесі бар квазимемлекеттік компаниялары тарапынан шетел спортшыларына айлықпен қоса неше түрлі бонус, сыйақы төленіп келеді. Осы мәселені заң жүзінде шешіп, легионерлердің мемлекеттің ақшасына ортақтасуын тоқтату керек.

Жиында депутат Дәулет Мұқаев спортшыларымыздың еліміздің әнұранын қаншалықты білетінін, Олимпиадада киетін киім-кешегі туралы сұрады. Оған туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп жауап беріп, биылғы Олимпиадада спортшылар екі парадтық киім мен қосымша тағы бір форманы киетінін, қазір жасөспірімдеріміз бен жастарымыздың бәрі әнұранды жатқа айтатынын, ағылшынша жақсы білетінін айтты.

Форма бойынша киімнің дизайны анықталды. Қазақстан делегациясының киімін отандық компаниялар тігіп береді, – деді ол.

Отырыстың соңында депутаттар Олимпиадан неше медаль аламыз деген сұраққа, министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов бес-алты спорт түрінен жүлде алатынымызды деп айтты. 

Одан кейін Мәжіліс депутаттары Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайына барып, Астанада 10-12 мамыр аралығында өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысына қатысатын спортшылардың дайындығымен танысты. Соңынан Qazaq kuresi академиясы тәрбиеленушілерінің жаттығуын тамашалады.

Қазір еліміз дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысатын төртжылдықтың басты додасына спорттың 17 түрінен 50 лицензияны (48 спортшы) жеңіп алып отыр. Мамыр айының соңына дейін тағы 20 жолдаманы иелену жоспарда бар. Бүгінде бокстан ерлер және әйелдер құрамасы 7 жолдама, нысана көздеуден спортшылар 5 лицензия, садақ атудан 4 жолдаманы иеленді. Сонымен бірге отандастарымыз семсерлесуден 5, велошосседен 3, грек-рим күресінен 4, еркін күрестен 3, қазіргі бессайыс, таеквондо, спорттық гимнастикадан, стенд атудан екі-екіден лицензияға ие болды.
Сондай-ақ батуттық гимнастикадан, көркем гимнастикадан, жеңіл атлетикадан, бадминтоннан, академиялық есу мен байдарка және каноэда есуден бір-бір жолдама бар.

Биылғы XXXIII жазғы Олимпиялық ойындар 26 шілде-11 тамызы аралығында өтеді. Оған дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал XVII жазғы Паралимпиада ойындары 28 тамыз – 8 қыркүйек аралығында болады. Спорттың 22 түрінен 184 мемлекет 549 медаль үшін күш сынасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама