×

Қаңтар оқиғасына қатысты 23 адам бас бостандығынан айырылды – Бас прокурор

Бүгінде 489 азаматқа қатысты іс сотқа жолданған

 Қанат Атаманов 02.06.2022 | 22:40
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады. Бас прокурор Мемлекет басшысына елімізде заңдылықтың сақталу жағдайы және қадағалау қызметінің маңызды бағыттарына қатысты жұмыстардың негізгі қорытындысы жөнінде есеп берді.

Берік Асыловтың айтуынша, жыл басынан бері прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 7 мыңнан астам заңбұзушылық жойылған. Оның көбі мемлекеттік сатып алулар, денсаулық сақтау, экология және балалардың құқықтарын қорғау салаларында анықталған. 10 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен квазимемлекеттік сектордың қызметкері әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 8,4 миллиард теңге қайтарылған, 177 мыңнан астам еңбек құқығы қалпына келтірілген, сондай-ақ 1 миллиард теңгеден астам жалақы қарызы өтелген.

Президентке криминогендік жағдайлар және азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін қылмыстық-құқықтық салада қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыстық процестің жаңа үш буынды моделінің енгізілу барысы жөнінде және бизнесті қорғау, әсіресе заңсыз қылмыстық қудалауға жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде жан-жақты баяндалды.

Мемлекет басшысына қаңтар оқиғасына байланысты тергеу амалдарының барысы туралы есеп берілді. Бүгінде 489 азаматқа қатысты іс сотқа жолданған. 331 адам негізінен ұрлық, тонаушылық, қару сақтау және ұрлау деректері бойынша сотталған. Тек 23 адамға қатысты бас бостандығынан айыру туралы нақты шешім шыққан, қалғандарына жеңіл жаза кесілген. Рұқсат етілмеген тергеу амалдары мен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқандарға қатысты істер ерекше бақылауға алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының себебін жан-жақты тексеріп, оған кінәлілерді объективті түрде анықтау, сондай-ақ тергеу қорытындысы жөнінде жұртшылыққа тұрақты ақпарат беру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Президент еліміздің әлеуметтік және экономикалық өмірінің барлық саласында заңдылықты қамтамасыз етудің аса маңызды екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама