Halyq Uni логотип
×

Астана тұрғыны студенттердің 40 ноутбугын алдап алып, ломбардқа өткізіп жіберген

Тапқан табысын ойынға тігіп, ұтылып қалған

 Динара Амантай 03.05.2024 | 15:15
Астана тұрғыны студенттердің 40 ноутбугын алдап алып, ломбардқа өткізіп жіберген
Фото: golos-naroda.kz

Астанада алаяқтықпен студенттердің ноутбуктерін алып қойған азамат анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 21 жастағы жігіт Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 40-тан астам студенттің ноутбугын алып кетіп, алдап соққан. Белгілі болғандай, күдікті уақытша пайдаланамын деген желеумен достарынан ноутбук алуды әдетке айналдырған. Осылайша, жігіт аптасына 20-30 мың теңге жалға алу ақысын төлеп, ноутбуктерді алып отырған.

Ақшаға жалға алушы туралы қауесет студенттер арасында тез тарап, олар еш ойланбастан алаяққа қымбат құрал-жабдықтарын беріп отырған. Жас жігіт болса, барлық ноутбукты ломбардтарға сатып, түскен ақшасын интернеттегі ойынға бәс тігуге қойып, ұтылып қалған.

Қазір Алматы ауданының полицейлері елордадағы ломбардтардан ұрланған ноутбуктердің басым бөлігін тәркіледі. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жас жігіт кінәсін мойындап, қамауға алынды. Полицейлер оның елордадағы осындай алаяқтық істерге қатысының бар-жоғын тексеріп жатыр. Қалалық полиция департаменті азаматтарға бұл қылмыс үшін Қылмыстық кодекс бабының санкциясында мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама