Halyq Uni логотип
×

Ауғанстаннан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін есірткі арнасы жойылды

Тәркіленген заттың нарықтық құны 2,5 млн АҚШ долларынан асады

 Динара Амантай 03.05.2024 | 14:13
Ауғанстаннан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін есірткі арнасы жойылды
Фото: Halyq Uni

Ұлттық қауіпсіздік комитеті былтыр жыл соңында «Солтүстік бағдар» деп аталатын халықаралық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу бойынша операцияны іске асырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жедел тексеру барысында Ауғанстаннан Қазақстан аумағы арқылы Еуропа елдеріне есірткі контрабандасының қолданыстағы арнасы анықталды. Комитет шетелдік серіктестермен және Германияның құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, халықаралық есірткі синдикаттарының бірінің дамыған желісін анықтады. Жете тексерудің соңғы кезеңінде Германияда 60 келі апиын мен 12 келі метамфетаминді тасымалдау кезінде 2 шетелдік ұсталды. Германияның құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр.

Биыл ақпанда тағы бір тексеру аясында трансұлттық есірткі құрылымы мүшелерінің ауған есіртісі контрабандасының кезекті халықаралық арнасын ұйымдастыру жоспары әшкереленді.

Есірткі арнасы тізбегінің барлық буындарын жою мақсатында Бас прокуратураның үйлестіруімен еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде есірткі арнасының негізгі ұйымдастырушысы – Испания азаматы ұсталды. Одан Қазақстан арқылы Ауғанстаннан Еуропаға жеткізілген 10 келі метамфетамин алынды.

Еуропада алынған есірткінің нарықтық құны 2,5 млн АҚШ долларынан артық бағаланып отыр.

Есірткі трафигінің халықаралық арналарын бейтараптандыру жөніндегі іс-шаралар жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама