×

Қазақстан заманауи газ өңдеу өнеркәсібін құрады

QazaqGaz және UCC Holding жалпы маңызды 4 жоба бойынша ортақ келісімге келген

 Динара Амантай 03.05.2024 | 13:31
Фото: inform.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz, «Самұрық-Энерго», KEGOC, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялары басшылығының қатысуымен энергетикалық кеңес отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Күн тәртібінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар мемлекетінің әмірі, шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасында биылғы ақпанда қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын бақылау мәселесі қаралды.

 QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов бірлескен газ жобаларын іске асыру барысын баяндады. Қатардың UCC Holding компаниясымен бірге қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр және 2,5 млрд текше метр болатын 2 газ өңдеу зауыты, жаңа КС-14 компрессорлық стансасы және «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистралды газ құбыры, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ екінші желісі салынады.

ГӨЗ құрылысы өңдеу қуатын арттыру арқылы шикі газды тиімді пайдалануға бағытталған. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін салу оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерді газбен жабдықтаудың, сондай-ақ экспорт көлемін сақтаудың арқасында Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңа компрессорлық станса мен «Ақтөбе-Қостанай» магистралды газ құбырын іске қосу Қостанай облысының халқы мен өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиынға қатысушылар мәміленің негізгі шарттарын бекітті. QazaqGaz және UCC Holding-тің жалпы маңызды 4 жоба бойынша ортақ келісімге келгені атап өтілді. Алдағы уақытта оларды бірлесіп іске асыру жұмыстары басталады.

Премьер-министр жобаларды іске асыру кезінде QazaqGaz ұлттық компаниясы тобының ішкі құзыреттерін және отандық өндірушілердің өнімдерін барынша пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне газ саласының табыстылығын әрі қарай арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Қазақстан президенті мен Қатар әмірі арасындағы уағдаластықтар еліміздің экономикасы үшін аса маңызы бар бірқатар мега-жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанда заманауи қуатты газ өнеркәсібін құру жолында орнықты түрде алға жылжып келеміз. Жобаларды іске асыруда ешқандай іркілістер болмауы керек. Барлық мәселе менің жеке бақылауымда, — деді Олжас Бектенов.

Анықтама үшін: Энергетика министрлігі мен QazaqGaz мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда газ өндіру көлемі 60,456 млрд текше метрге дейін өседі деп күтіледі. Өндірістің 85%-дан астамын Теңіз (27%), Қарашығанақ (38%) және Қашаған (20%) жобалары қамтамасыз етіп отыр. Газ саласының даму қарқынын елімізде соңғы жылдары газ өндірудің тұрақты өсіп келе жатқанынан байқауға болады.

2024 жылы тауарлық газ өндірісі 28,054 млрд текше метр көлемінде жоспарланып отыр. Газдың болжамды балансына сәйкес, 2024 жылы ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд текше метр болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама