Мамырда спортшыларымыздың кемінде 20 жолдама алуы қажет
Бүгін Францияның Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиялық ойындардың басталуына 85 күн қалғанда, Астана қаласында Туризм және спорт министрлігі мен Олимпиадаға дайындық штабының өкілдері Мәжіліс депутаттарымен кездесетін болды.
Жиында ұлттық құрама командалардың Олимпиада және Паралимпиада дайындығын талқылап, министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар хабардар етіледі.
Еске сала кетсек, биылғы Олимпиадаға дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Бүгінде Қазақстан спортшылары спорттың 16 түрінен 49 лицензия (47 спортшы) жеңіп алды. Атап айтқанда, бокстан ерлер және әйелдер құрамасы 7 жолдама, нысана көздеуден спортшылар 5 лицензия, садақ атудан 4 жолдама иеленді. Сонымен бірге отандастармымыз семсерлесуден 5, велошосседен 3, грек-рим күресінен 4, еркін күрестен 3, қазіргі бессайыс, таеквондо, спорттық гимнастикадан, стенд атудан екі-екіден лицензияға ие болды.
Сондай-ақ батуттық гимнастикадан, жеңіл атлетикадан, бадминтоннан, академиялық есу мен байдарка және каноэда есуден бір-бір жолдама бар.
Сәуір айында кемінде 15-17 жолдама жоспарлағанбыз. Жоспар асыра орындалды. Сәуірде 18 Олимпиада жолдамасына ие болдық, - деді Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов.
Оның айтуынша, енді мамыр айында Қазақстан құрамасы дзюдодан әлем чемпионатына және көркем гимнастика мен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатына қатысады. Бұдан басқа, спортшыларымыз 15-ке жуық әлемдік, азиялық рейтингтік халықаралық іріктеу турнирлерінде күш сынасады.
Жоспар бойынша мамырда спортшыларымыздың кемінде 20 жолдама алуы қажет.