Шығыс Қазақстан облысында су тасу қаупі бар
Бұқтырма өзенінде судың деңгейі көтерілген
Шығыс Қазақстан облысында су тасу қаупі бар. Бұл туралы ТЖМ өкілі Асқар Шәріп айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ШҚО-да жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Бұқтырма өзенінде судың деңгейі көтерілді. Салдарынан Алтай, Глубокое аудандарындағы 24 ауланы су басты. Бөгеттерді бекіту және су басқан аймақтарда су сору жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте.
Ресми өкіл Атырау облысы Жайық өзеніндегі судың деңгейіне мониторинг жалғасып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ол тасқынға қатысты соңғы ақпаратқа тоқталды.
Республика бойынша 48 611 адам үйіне оралып, 5 961 адам эвакациялау пунктеріне орналасты. 8 189 тұрғын үй мен 2 977 ауладан су сорып шығарылды. Тасқынға қарсы 7,7 млн қап және 2,5 млн тонна инертті материал төселді. Су тасқынына қарсы жұмысқа 14 мыңнан аса адам, 1 523 техника, 244 су сору құралы, 74 жүзу құралы, 4 әуе кемесі жұмылдырылды, - деді ТЖМ ресми өкілі.
Бұған дейін Алтай ауданында тұрғын үйлерді су басып жатқаны хабарланған еді.