×

Костенко шахтасы түтіндеп, 200-ге жуық кенші жер бетіне шығарылды

Қарағандыда Костенко атындағы атындағы шахтада 4 конвейер штрегі түтіндеген.

 Халық үні 02.05.2024 | 22:25
фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында тағы да өрт тұтанды. 

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, Қарағандыда Костенко атындағы атындағы шахтада 4 конвейер штрегі түтіндеген.

Бықсуды алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен конвейер трассасының электр слесары Айбар Қосанов сөндірді.

Кенші оқиға туралы хабарлап жатқанда шахтаның басқару бөлмесінде түтін сигнализациясы іске қосылған.

Сағат 19:45–те сигнализацияға байланысты түтін сөндірілгеніне қарамастан эвакуация жоспары бойынша шахтадағы 194 кеншіні сыртқа шығару жөнінде шешім қабылданған.

Сағат 21:47–де 187 кенші жер бетіне шығарылды.

Оқиғаны бақылау және шахтаның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін учаске басшылары мен жетекшілерінен 7 жұмысшы орнында қалды.

Алдын ала себеп — төменгі төсемнің ролигіне бөгде зат түсіп, оның жұмысын тоқтатып тастаған. Содан конвейер лентасы бықсыған.  

Еске салсақ, өткен жылы 28 қазан сағат 2:33–те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, 46 кенші қаза тапты. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама