Испанияда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды (ВИДЕО)
Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының өкілдері Астанаға келеді
Испанияның Санта Сусанна қаласында Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының (AIPS) 86-конгресі өтті. Оған Қазақстан делегациясы да қатысты, деп хабарлады 24.kz.
Іс-шарада Қазақстан делегациясы биыл күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасын таныстырды.
Бұл конгресс журналистер ортасында «Спорт баспасөзі арасындағы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы» деп аталып кеткен. Биыл қауымдастықтың 100 жылдығы атап өтіледі. Қазір ұйымға дүниежүзінің 100-ден аса елінен 8 мыңдай өкіл кіреді. Бұл жолғы іс-шарада Қазақстан делегациясы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын таныстырды, – делінген хабарламада.
Конгреске Қазақстан делегациясын бастап барған Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығы (AIPS) Aзия аймағы бойынша атқарушы комитетінің мүшесі Ілияс Омаровтың айтуынша, журналистер жылына бір рет бас қосып, спорт саласындағы ең маңызды мәселелерді талқылайды. Конгресс көп елдерде болады. Ұйымдастырушы мемлекет өз тәжірибесін ұсынады. Бір айта кетерлігі, іс-шара әдетте дүниежүзі елдерінің астаналарында емес, өзге қалаларында өтеді. Осылайша, оларға бүкіл әлем назары ауып, спорт журналистикасының дамуына өз септігін тигізеді.
Қазақстан делегациясының Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезіндегі басты мақсаты – әлемдік этноспорт қозғалысын дамыту, жаһандану заманында тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу, халықтар арасында дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту екенін түсіндіру. Қатысушыларға Қазақстан билігінің бұл іс-шараға ерекше мән беретінін де жеткізу, – деді Ілияс Омаров 24.kz-ке берген сұхбатында.
Конгресте AIPS президенті Джованни Мерло биыл күзде Астанада жалауы желбірейтін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдайтынын айтты.
Әрине, қиын кезде өзге спорт түрлерінен өтетін жарыстарды кейінге шегеруге не өткізбеуге болады. Бірақ көшпенділер ойынына келгенде олай істеген дұрыс емес деп санаймын. Өйткені бұл – мәдени мұраның бір бөлігі. Сондықтан біз Қазақстаның іс-шараны өткізу шешімін қолдап отырмыз. Мен шақырту алдым. Журналист ретінде маған ойындарды өз көзіммен көру қызық, – деді ол.
Жиында AIPS ASIA бас хатшысы Амджад Малик Қазақстан делегациясының жұмысына баға беріп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдауға дайын екенін атап өтті.
Қазақстандық делегация – біздің ұйымның ең үздік мүшелерінің бірі. Сіздер Азияда спорт журналистикасының дамуына көп үлес қосып отырсыздар. Мен Астанадағы чемпионатқа барғанмын. Қазақстан – спортты сүйетін мемлекеттің бірі. Ел билігі оған барынша демеу көрсетеді. Біз де Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынындарын қолдауға әзірміз, – деді ол.
Сондай-ақ Конгресте жаңадан құрылған Sport Plus Qazaqstan телеарнасының тұсаукесері рәсімі өтті. Осы жерде Қазақстан делегациясы қауымдастықтың 100 жылдығына орай елімізде жас тілшілер үшін халықаралық семинар ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Іс-шарада Sport Plus Qazaqstan телеарнасының директоры Асхат Жақаев конгресс сияқты жиынның журналистер мен жалпы журналистика үшін пайдасы зор екенін, оны өзіндік цифрлық көрме деп атауға болатынын айтты.
Конгресте спорт саласындағы соңғы жаңалықтар талқыланады. Сондықтан біздің Қазақстан делегациясы мұндай іс-шаралардан қалмай, міндетті түрде қатысу керек деп санаймын. Конгреске қатысушылар Қазақстан делегациясының барлық ұсынысын зор ықыласпен тыңдады. Еліміз су тасқынына байланысты халықаралық іс-шаралардан бас тартқанмен, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу туралы бастамасын құптады, – деді ол.
Оның айтуынша, енді алдағы уақытта AIPS мүшелері Қазақстанға келгенде Ұлы даланың көпжылдық мәдениетімен танысатын болады.