«Қазақстан темір жолы» АҚ пойыздармен үй жануарларын тасымалдау ережелерін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жолаушылардың қаперіне:
- Жолаушылар пойыздарымен тек үй жануарларын тасымалдауға рұқсат етілген. Олардың (мысықтар, иттер, құстар) саны екіден аспауы керек. Үй жануарлары мен құстарды тасымалдау тиісті ветеринариялық паспорттар немесе анықтамалар болған кезде ғана рұқсат етіледі. Анықтамаларды міндетті түрде пойызға отырғызар кезде көрсету керек.
- Басқа жолаушыларға қолайлы болу үшін және аллергиялық реакцияларды болдырмауын қамтамасыз ету үшін үй жануар иесінің купенің барлық орнын толығымен сатып алуы қажет. Жануарларды иесінсіз пойызға кіргізуге рұқсат етілмейді.
- Одан бөлек, үй жануарларын тасымалдау кезінде олар үшін тек иелері жауап береді. Жануарлардың иесі оларды (торда, жәшіктерде, себеттерде) станцияларда, пойызға отыру/шығу кезінде, сондай-ақ пойыздың өзінде бақылауда ұстауы керек. Оларды тамақтандырып болғаннан кейін тазалықты сақтап, артынан жинастыруды ұмытпаған жөн.
- Үлкен иттерге тұмылдырық пен қарғыбау тағу міндеттеледі. Үлкен итпен саяхаттау кезінде оның салмағы бойынша есептелген багаж тарифі қолданылады. Ірі иттер тек бірінші вагонның жұмыс істемейтін тамбурына орналастырылады. Үй жануарларының иесі оны алып жүруге және сапар кезінде қауіпсіздікке толық жауап береді.
- Зағип иесімен бірге жүретін бағыттаушы ит вагонның кез келген түрінде болуы мүмкін. Ол үшін қосымша ақы алынбайды. Сонымен қатар, вагон-мейрамханаларға жануарлармен кіруге рұқсат етілмейді. Жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды тасымалдауға болмайды.
Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға үй жануарларымен сапарларын алдын ала жоспарлауды және жануарлардың жүру шарттары туралы ақпаратты 1433 тегін телефоны арқылы, сондай-ақ вокзалдың билет кассаларынан алуға болатынын ескертеді, – делінген хабарламада.