Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды
Оған 86 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр
Қазақстан дзюдо федерациясы Астанада 10-12 мамыр аралығында өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.
Олимпиадалық рейтингте ұпай беретін бұл жарыста Қазақстан намысын ұлттық құрама көшбасшыларымен бірге жас спортшылар да қорғайды.
Ерлер құрамасында Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин, Шерзод Давлатов, Дәурен Сүйікенов (-60 келі), Есет Қуанов, Ғұсман Кырғызбаев, Нұрсұлтан Зайзағалиев, Жанарыс Рахметқали (-66 келі), Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов, Жансай Смағұлов, Бақытжан Абдурахманов (-73 келі), Абылайхан Жұбаназар, Жалғас Қайролла, Руслан Мусаев, Мәди Амангелді (-81 келі), Айдар Арапов, Ермахан Ануарбеков, Құдырет Досымов, Мұхаммедали Мавлидов (-90 келі), Нұрлыхан Шархан, Ислам Бозбаев, Әділет Сапарғалиев, Бекзат Шағатаев (-100 келі) пен 100 келіден аса салмақта Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Мәди Еділбаев, Ғалымжан Қырықбай күш сынасады.
Әйелдер командасында Ғалия Тыңбаева, Диана Буркеева, Алира Шегелекова, Жібек Жақсыбай (-48 келі), Толғанай Абеуова, Балнұр Әбдешова, Аружан Ережепова, Алима Жұмағалиева (-52 келі), Бақыт Құсақбаева, Ұлдана Үсейн, Дина Муханбет, Дана Әбдірова (-57 келі), Эсмигүл Куюлова, Самалай Ерғалиева, Кристина Сотникова, Зарина Сарипова (-63 келі), Екатерина Токарева, Анастасия Маякова, Анастасия Морозова (-70 келі), Лаура Жәнібекова, Анастасия Нагачевская (-78 келі) мен 78 келіден аса салмақта Аида Тойшыбекова, Ақерке Рамазанова, Карина Такиева, Назгүл Маратова татамиге шығады.
Еске сала кетсек, тек жарысты қабылдаушы ел ғана әр салмақ дәрежесінде 4 спортшыдан көп балуанды татамиге шығаруға құқылы, – деп хабарлады Қазақстан дзюдо федерациясы.
Турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Оған 86 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Жарысқа кіру тегін.
Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиялық ойындарға қатысу үшін ұпай жинайды.