Науқасты ауруханаға алып бара жатқан автокөлік аударылды
Орал қаласында санитарлық көлік жол апатына ұшырады, деп хабарлайды «Орал апталығы». Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше адам ауруханаға жеткізілді.
«Оқиға 1 маусым күні М.Лермонтов пен Дәулеткерей көшелерінің қиылысында болған. Облыстық онкологиялық диспансердің «УАЗ» автокөлігі басты көшемен (М.Лермонтов) келе жатқан. Оған «Шевроле Кобальт» автокөлігі жол бермей қойғандықтан, санитарлық көлік аударылған. Оқиға орнынан 4 адам ауруханаға жеткізілген», – делінген ақпаратта.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, санитарлық автокөлік науқасты ауруханаға апара жатқан. Онда науқастан басқа дәрігер, курьер және жүргізуші болған. Олар ауыр жарақат алған жоқ. Дәрігерлік көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алуға жіберілді. Ал дәрігерлерге жол бермей қойған жеңіл көлік жүргізушісі медициналық көмектен бас тартты.
Алматы облысында жол апатынан жүргізуші мен екі бала көз жұмды. Ақтөбе облысында мас жүргізуші жүк көлігінің астына кіріп кетті.