Кәдесыйды 6 мыңнан астам жолаушы алды
Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу аясында Алматы қаласы туризм басқармасы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы қаласы шекаралық бақылау басқармасымен және Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп, «Қонақтарға кәдесый» дайындады, деп хабарлады қала әкімдігі.
Халықаралық терминалға келген әрбір жолаушыға қаланың ұлттық ою-өрнектері мен мәдени көрікті жерлері бейнеленген стикерлер түріндегі символдық сыйлық табыс етілді. Кәдесыйды Алматыға 30-ға жуық халықаралық рейспен келген 6 мыңнан астам жолаушы алды.
Қалалық туризм басқармасы хабарлағандай, іс-шара туристерді тартуға және елдегі алғашқы жағымды әсерді («travel experience») қалыптастыруға, халықаралық қонақтардың қала тарихы мен мәдениетін құрметтеуіне және терең түсінуіне арналған.
Қазір Алматы қаласында қазақтар (62,4%), орыстар (20,5%), ұйғырлар (5,4%), корейлер (1,8%), татарлар (1,5%), украиндар (1%), әзербайжандар (0,9%) мен басқа да этностар тұрады.