Республикалық телеарналардың тікелей эфирінде жалпыұлттық телемарафон басталды
«Біз біргеміз!» телемарафоны сағат 22:00-ге дейін жалғасады
Бүгін 10 республикалық арнадан көрсетілетін «Біз біргеміз!» жалпыұлттық телемарафоны басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Телемарафонда тасқын басқан аумақты көзбен көріп, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі.
Ресми орган өкілдері өңірлердегі апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары мен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды қалпына келтіру, материалдық шығындарды өтеу жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы есеп береді.
10 республикалық арнадан көрсетілетін шараның басты кейіпкерлері – табиғи апат кезеңінде батылдық танытып, өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тіге отырып қызметі мен азаматтық борышын абыроймен атқарған қазақстандықтар. Олардың қатарында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, еріктілер, кәсіпкерлер мен сын сағатта жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін танытқан ел тұрғындары бар.