Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Жапония арасында тауар айналымы 2,2 млрд долларға жетті

Вице-премьер Жапонияның елшісімен кездесті

 Динара Амантай 30.04.2024 | 13:50
Қазақстан мен Жапония арасында тауар айналымы 2,2 млрд долларға жетті
Фото: primeminister.kz

Роман Скляр Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямадамен кездесу өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Келіссөз аясында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екендігіне тоқталып, Жапония Қазақстанның халықаралық аренадағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан Жапониямен өзара қызығушылық тудыратын барлық салада стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі. Жалпы алғанда, елдер арасындағы ынтымақтастық көптеген жыл бойы достық пен өзара түсіністік негізінде қалыптасып келеді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Жапония өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты. Бұл ретте Роман Скляр сауда-экономика және инвестиция салаларындағы байланыстарды одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ екі ел арасындағы өзара тауар айналымы былтырғы жыл қорытындысы бойынша 13,8% артып, 2,2 млрд доллар болғаны атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша экономикалық, әлеуметтік және басқа да салаларда Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын нығайту бойынша белсенді жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама